Аймақтар • 22 Қараша, 2017

Шымкентте республикалық фермерлер одағының алқалы жиыны өтті

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан фермерлер Одағының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осы мерейлі мереке қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысында ғылыми конференция ұйымдастырылды. 

Шымкентте республикалық фермерлер одағының алқалы жиыны өтті

Ғылыми конференцияға республикалық фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дәрінов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Асқар Әбубакиров пен өңірдің барлық аудандарынан 600-ге жуық фермерлер қатысты. Жиын барысында фермерлер өздерінің талап-тілектері мен ұсыныстарын жеткізді.

Мәселен, сарығаштық фермерлер жанар-жағармай бағасының күн санап шарықтап бара жатқандығын айтса, мақтаралдық диқандар бақша дақылдарына да субсидия берілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Ал түркістандық шарауалар агро саланы қаржылай қолдайтын «Агробанк» құрылғанын қалайды. Конференцияда айтылған барлық ұсыныстар фермерлер одағында сарапталып, жауапты мемлекеттік органдарға хатпен жолданатын болады.

Шара соңында агроөнеркәсіп кешенін дамытуда белсенділік танытып, еселі еңбегімен көзге түскен өңір фермерлері Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды. Айта кетелік, Бүгінде фермерлер одағының еліміздің 8 облысында филиалдары мен 5 облысында өкілдіктері жұмыс істейді. Одаққа 10 мыңнан астам фермерлер біріккен.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»